Күнтізбе

Қазақстандық мерейтой иелері

Қаңтар

1 қаңтар

Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, қазақ тіл білімінің атасы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың (1873-1938) туғанына 140 жыл. Шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» деген атпен 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Екінші «Маса» кітабына енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді шенейді. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жарыққа шығаруда зор еңбек сіңірді. Әдебиет саласындағы алғашқы зерттеуі — «Қазақ» газетінің 1913 жылғы үш санында шыққан «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы. Қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау жырларын арнайы жүйелеп, сұрыптап, 1926 жылы «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап етіп жариялады. Ол қалдырған бай мұраның тағы бір саласы – көркем аударма. Орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты.

Балалар жазушысы, ақын Ермек Өтетілеуовтің (1938-2006) туғанына 75 жыл. Ақмола қаласында туған. Ақынның алғашқы өлеңдері алпысыншы жылдары жарық көре бастады. Жазушының негізгі оқырмандары мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер. Жекелеген әңгіме, өлеңдері орыс, болгар, украин, грузин, армян, азербайжан, татар тілдеріне аударылған. Біраз өлеңдері балаларға арналған басылымдарға, қазақ мектебінің оқулықтарына енген. Қазақ тілінде оның аудармасында Л.Толстойдың, Д.Ушинскийдің балаларға арналған әңгімелері, С.Михалков, О.Дриз, Я.Аким, Б.Заходер, П.Реброның өлеңдері жарық көрді.

17 қаңтар

Жазушы, журналист Нұрхан Жанаевтың (1933) туғанына 80 жыл. Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, С.Сейфуллин атындағы кеңшарда туған.Алғашқы жырлары «Жас дәурен» атты жастар жинағына енген. «Жау, жау, жаңбыр», «Құстар ұшып келеді», «Жанымның жазирасы», «Әнші торғай», «Назқоңыр», «Дәмді палау», «Сыбдырлайды жапырақ», «Ақ көгершін», «Нұрлы аспан», «Дождик, дождик, поливай!», «Өмір өрнектері», «Қуанышты күн» жыр жинақтары жарық көрген.

31қаңтар

Жазушы, журналист Баққожа Мұқайдың (1948-2008) туғанына 65 жыл. Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылында туған. Еңбек жолын 1965 жылы Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газетінде бастаған. Ол «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» атты кітаптардың авторы. Шығармалары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, корей т.б. тілдерге аударылған. Орыс тілінде «Водоворот», «Белая птица» атты кітаптары шыққан. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы және шет елдердегі театрларда қойылған. Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ақпан

2 ақпан

Жазушы Марал Ысқақбайдың (1938) туғанына 75 жыл. Жамбыл облысы, Қордай ауданы, «Сұлутөр» ауылында дүниеге келген. 1963-71 жылдары алғашқы туындылары «Етікші», «Көкжал» әңгімелерін, «Қырық қыз» хикаятын жазып жариялайды. «Сұлутөрдің бөктері»(хикаят және әңгімелер), «Ұят туралы аңыз», «Жойқан төбе», «Мои соседи»(роман және әңгімелер), «Ғашық боп көрмеген келіншек»(роман, хикаят, әңгімелер), «Мүйізді Өтеген»(зерттеулер), «Асу-асу бел Қордай»(зерттеулер) т.б. кітаптары жарық көрген. «Қияндағы қыстау» әңгімесі бойынша телеспектакль және «Тамшы» деген атпен телешығарма жасалған. Қазақтың мың жарымнан астам әндерін құрастырып, жаңа технологиямен «Қазақша караоке» деп аталатын әндер жинағын шығарды. Жекелеген көркем туындылары орыс, украин, қырғыз, мари, татар, саха тілдеріне тәржімаланған.

22 ақпан

Ақын Совет Әлімқұловтың (1938-1987) туғанына 75 жыл. Жамбыл облысы, Луговой стансасында туған. 1958 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесін бітірген. Аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, аудандық газеттерде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор қызметтерін атқарды. Тырнақалды туындысы 1958 жылы Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде жарияланды. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген.

Наурыз

7 наурыз

Ақын Жарасқан Әбдіраштың (1948-2001) туғанына 65 жыл. Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылында туған. Ақынның алғашқы жыр жинағы — «Тұңғыш кітап» 1969 жылы жарық көрсе, онан беріде қазақ лирикасы, балалар поэзиясы, әдеби-көркем сын және пародия, аударма саласында жиырмадан астам кітабы оқырман қолына тиді. «Қаладан келген қыз» атты естелік-поэмасының желісімен көркем фильм түсіріліп, ол туынды халықаралық фестивальдардан бас жүлделерді жеңіп алған. М.Әуезовтің 100 жылдығына, сондай-ақ Қарабура әулиеге арналған ақындар мүшәйраларының бас жүлдегері, М.Жұмабаев атындағы сыйлықтың лауреаты. Шығармалары орыс, неміс, болгар, венгр, украин, белорус, өзбек, тәжік, әзербайжан, түркімен, саха, қырғыз тілдеріне аударылған.

8 наурыз

Ақын Людмила Дружининаның (1918-1996) туғанына 95 жыл. Ресейдің Омбы облысының Калачинск стансасында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін бітірген. Томск геология басқармасында істеген. 1947 жылы ол «Томск» альманахында және Томск облыстық «Красное знамя» газетінде өзінің алғашқы өлеңдерін жариялады. Балаларға арналған алғашқы «Көңілді үйірме» кітапшасын 1954 жылы Новосибирск кітап баспасында шығарды. Келесі жылы осы баспадан балаларға арналған екінші кітапшасы — «Жанды календарь» жарық көрді. «Сәбилер ер жетеді», «Ынтымақты істер», «Баспалдақтан баспалдаққа», «Апорт», «Үйде және мектепте», «Көңілді балалар», «Сиқырлы суретші», «Орман соқпағы» жыр жинақтары Алматыда басылып шықты.

14 наурыз

Жазушы Нұрсұлтан Әлімқұловтың (1928-1982) туғанына 85 жыл. Алматы облысының Қаскелең қаласында туған. 1957 жылдан бірыңғай шығармашылық қызметпен айналысты. Халыққа кең тараған тамаша ән мәтіндерінің авторы. Осы тақырыпта жарияланған түрлі бәйгелердің бірнеше дүркін жүлдегері болды. «Оңтүстікте ақ мақта» әнінің сөзі үшін Республикалық Жамбыл атындағы сыйлықпен марапатталған.

15 наурыз

Ақын Құланбай Көпішевтің (1913-2002) туғанына 100 жыл. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы «Құланкеткен» деген жерде туған. 1931 жылдан бастап ұстаздық және комсомолдық қызметтер атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 30 дан астам өлеңдер кітабы жарық көрді. А.Мацкевичтің, Т.Шевченконың, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, М.Жәлилдің т.б. шетел ақын-жазушыларының шығармаларын қазақ тіліре тәржімалады. «Сыр толқыны», «Өркен», «Мәуе», «Жылдар жырлайды», «Ержүрек», «Кезеңдер», «Жұлдыздар сөйлейді», «Өсиет» секілді кеңінен танымал өлеңдер жинақтарының авторы.

50 жыл

1962

Тұрсынхан Абдрахманованың «Әннен әнге» кітабы ақынның өлең өнерінде құлашын кең жаза бастағанын аңғартады. Тақырыбының кеңдігімен, көркемдік бояуының ажарлығымен оқушы жүрегіне жол табатын туындылардан тұрады.

Жазушы Әлдихан Қалдыбаевтың «Көк дөңгелек» кітабына әр түрлі тақырыпқа жазылған әңгімелері еніп отыр. Бірінші бөлімдегі бір топ әңгіменің ортақ кейіпкері Бауыржан деген бала достарымен бірге ойнап, бірге жүргенді ұнатады. Сабақтан тыс кезде үлкендердің де сенімді қолғанаты бола біледі. «Атам айтқан» деп аталатын екінші бөлімдегі деректі әңгімелерге ардагер азаматтардың өнегелі өмірі арқау болған. Кітапқа енген мысалдар мен ертегілердің де оқиғасы қызық, тілі оқуға жеңіл.

22 наурыз

Жазушы Марат Қабанбайұлының (1948-2000) туғанына 65 жыл. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туған. Шығармаларының дені балалар мен жасөспірімдерге арналған. Негізгі тақырыбы: заман келбеті, жастардың өмір-тіршілігі: идеясы: адамды сүю. «Бақбақ басы толған күн», «Арыстан, мен, виоленчель және қасапхана», «Жиһанкез Тити», «Пысық болдым, мінеки», «Қала мен қыз бала», «Қазақ, қайда барасың?», «Сурет салғым келмейді» атты повестер мен әңгімелер топтамалары, «Кермек дәм», «Айшылық алыс жол» романдары жарық көрді. Жекелеген туындылары украин, молдован, латыш, неміс тілдеріне аударылған.

Сәуір

9 сәуір

Жазушы Төкен Әлжантегінің (1953) туғанына 60 жыл. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде туған. Алғашқы әңгімелер жинағы «Армысың, ару күн!», «Ашық сабақ» атты повестер мен әңгімелер кітабы «Жалын» баспасынан жарық көрген. Сонымен қатар «Қым-қиғаш тіршілік», «Ақ-қараның арасы», «Жартастан жеткен жаңғырық», «Сегіз сері», «Сарбас ақын», «Тіріде тірнек таусылмас» атты кітаптары жарық көрген. «Періштелер жерде ғұмыр кешпейді», «Күнәһар» пьесалары Қарағанды, Атырау т.б. облыстық театрларда сахналанған. 1998 жылы «Жалғыздан қалған тұяқ» повесі үшін Т.Айбергенов атындағы сыйлық берілді. «Қазақстан әдебиеті – 2000» конкурсының проза саласы бойынша жеңімпазы. Бірнеше әндердің авторы.

14 сәуір

Жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың (1903-1964) туғанына 110 жыл. Қызылорда облысы, Жаңақорған (қазіргі Шиелі) ауданында туған. Он екі жасынан жетім қалып, тағдыр тауқыметін басынан кешірген. «Сырдария» деген тұңғыш өлеңі 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде басылған. Осыдан бастап өлең-жырлары, әңгімелері республикалық газет-журнал беттерінде жиі басылады. Оның «Келес қызы» повесі кезінде идеялық-көркемдігі жағынан айтуға тұрарлық шығарма ретінде танылды. «Қажымұқан» повесінде қазақ халқының атақты палуаны, классикалық күрестің дүниежүзілік чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолы қызықты, тартымды баяндалған. Балалар әдебиетін өркендетуге өзіндік үлес қосқан. «Өміртайдың ауылы», «Амантай», «Алатаудың бауыры», «Тапқыш», «Тәтті қауын» және басқа да өлең, әңгімелері жатық тілмен жазылған. «Мың бір түнді», өзбек әдебиетінің классигі Әлішер Науаидың таңдамалы өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

23 сәуір

Қазақ батыры, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің (1918-2006) туғанына 95 жыл. Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында туған. Ұлы Отан соғысы жылдарында жау тылында партизандық қозғалысты ұйымдастыруға белсене қатысты. Ол басқарған отряд ғажап ерлік үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысы кезіндегі өзінің партизандық өмір жолы, қарулас достарының қаһармандық ерлік істері жайлы сыр шертетін «Жас партизандар», «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Партизан соқпақтары» т.б. әңгіме, очерк, повесть жинақтарын шығарды. Шығармалары шетел тілдеріне аударылған.

Мамыр

1 мамыр

Ақын Асылбек Абдрахманның (1938) туғанына 75 жыл. 1938 жылы мамыр айының 1 жұлдызында Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында туған. 1955 жылы «Бейбітшілік сақшысы», «Жауды аяған жаралы» сияқты тырнақалды шығармалары басылды. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта 31 жыр кітабын шығарды. Лирика, ән мәтіндерін жазып, сатира және аударма жанрларымен де айналысып келеді.

Ақын Сұлтан Қалиевтің (1943) туғанына 70 жыл. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданында туған. Негізінен балалар поэзиясы, сатиралық жанр саласында еңбек етеді. Жекелеген өлеңдері орыс, украин, өзбек, грузин, түрікмен, қарақалпақ, әзербайжан тілдеріне аударылып, «Сәлем саған, мектебім» атты кітабы 1983 жылы Фрунзе қаласындағы «Мектеп» баспасынан қырғыз тілінде жарық көрді. Қалиевтің аударуында қазақ тілінде С.Маршактың «Ақымақ тышқан туралы ертегі», С.Михалковтың «Степа ағай», Р.Ғамзатовтың «Менің атам», Бақытжан Момышұлының «Мен әлі сәбимін» повестері мен әңгімелері, «Жанымның жарық жұлдызы» романы жеке кітап болып шыққан. «Балалық шақ досы» — «Друг детства» бірінші ұлттық байқауының жеңімпазы.

2 мамыр

Ақын Сәкен Иманасовтың (1938) туғанына 75 жыл. Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талапкер ауылында туған. Алғашқы өлеңі 1956 жылы, содан бергі кезеңде: «Туған ауыл», «Ақ айдын», «Ақ Дариға», «Жайдарман», «Ғашық дүние», «Ғашықпын саған» орыс тілінде «Созвучие», «Тетива» атты кітаптары, 1993 жылы шығармаларының екі томдығы жарық көрді. 2003 жылы «Елорда» баспасынан соңғы оншақты жыл ішінде жазылған өлеңдері «Өткірдің жүзі», естеліктері «Жазушы» баспасынан 2007жылы шығармаларының екі томдығы, 2008 жылы таңдамалы шығармаларының бес томдығы, балаларға арналған «Жәнібек пен атасы» атты кітабы шықты.

9 мамыр

Журналист, жазушы, Сейдахмет Бердіқұловтың (1933-1994) туғанына 80 жыл. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Қарақастек қыстағында дүниеге келген. Ол – қазақ спорты жанрының негізін қалаған журналист. 1960 жылдан бастап әдеби-көркем шығармалар жазумен айналысқан. Орыс тілінде «Острый клинок» жинағы жарық көрді. Бірталай туындалары туысқан халықтар тіліне аударылған.

11 мамыр

Жазушы, журналист Рахметолла Райымқұловтың (1913-1978) туғанына 100 жыл. Қазіргі Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қараманас ауылында дүниеге келген. Алғашқы әңгімелер жинағы «Уәде» деген атпен 1958 жылы жарық көрді. «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам» повестерінің авторы. Аударма саласында С.Айнидың «Бұқара» трилогиясының екі кітабын қазақшалаған. Біраз туындысы орыс тіліне аударылған.

15 мамыр

Ақын Жәнібек Кәрібозиннің (1933-1984) туғанына 80 жыл. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Дегерес ауылында дүниеге келген. «Балдырған», «Пионер» журналдарында қызмет атқарған. 1953 жылы қазіргі «Ұлан» газетінде тұңғыш өлеңі жарық көрді. Балаларға арналған өлеңдермен қатар, «Кербақбай», «Қолқанат», «Қарабек пен қарақшы» т.б. пьесалар жазды.

18 мамыр

Жазушы Нәбиден Әбуталиевтің (1928) туғанына 85 жыл. Атырау облысы, Новобогат ауданының (қазіргі Исатай ауданы) Молшағыл ауылында туған. «Қайран Нарын», «Өттің, дүние» атты екі повесть, «Наркескен» атты романы жарық көрді. «Өттің, дүние» атты тарихи драмасы М.Әуезов театрында қойылған. Ол Э.Хемингуэйдің «Климанджаро – қарлы тау», «Мереке – қызық мол жылдар» атты шығармаларын, орыс жазушысы С.Сартаковтың «Тау самалы» деген атпен бірнеше повестерін, монғол жазушысы Б.Чойндонның «Ұлы Гобиде» атты повесін, В.Пикульдің, Ә.Бикчентаевтың әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

Маусым

25 маусым

Ақын Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938) туғанына 120 жыл. Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, Сасықкөл басында туған. Ақындық өнермен Қызылжар медресесінде оқып жүргенде айналыса бастайды. 1942 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білді. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялады. Алматы және Петропавл қалаларындағы көшелерге, Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ауданға ақынның есімі берілген.

Шілде

10 шілде

Ақын, аудармашы, философ Қодар Әуезханның (1958) туғанына 55 жыл. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы совхозында дүниеге келді. 1985 жылдан бері республикалық және одақтық баспасөзде жариялана бастайды. 1986 жылы республикалық шығармашылық жастар, «Жігер» фестивалінің лауреаты. Қазақ және орыс тілінде жазады. «Туған күн», «Ақеділдің анты» пъесаларының, «Қанатты өрнек», «Абай Құнанбаев» жинағының, «Еске алмау шеңбері», «Қазақ әдебиетінің тарихына шолу» кітабының, «Қанағат қағанаты» жинағының авторы. Абай, Мағжан, Ж.Жақыпбаевтың шығармаларын орыс тіліне аударған. «Батыс философиясы антологиясының» авторы және ұйымдастырушысы.

22 шілде

Ақын Ақпанбетұлы Әлсейіттің (1943) туғанына 70 жыл. Алғашқы өлеңдері 1964-1965 жылдары өлкелік «Оңтүстік Қазақстан», облыстық «Ленин жолы» газеттерінде жарияланды. Жазушының «Түнгі көбелек» аталатын трагикомедиясы 1998 жылдан Қызылорданың Нартай Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында, Шымкенттің Ж.Шанин атындағы драма театрында қойылып келеді. «Думан-думан» комедиясы қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында 2001 жылдан қойылуда.

24 шілде

Ақын, ойшыл, композитор, аудармашы Шәкәрім Құдайбердіұлының (1858-1931) туғанына 155 жыл. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбайұлының қолында тәрбиеленген. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстады. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. «Жастар туралы», «Кәрілік туралы», «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Қалжыңбас» сияқты өлең-жырларын, Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман-Мамыр» дастанын жазды. «Еңлік-Кебек», «Қодардың өлімі», «Крез патша» дастандарының авторы. Американ жазушысы Гарниет Бичер-Стоудың «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Н.Толстойдың «Асар-хайдон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін, А.С.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударды.

Тамыз

15 тамыз

Ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Ғафу Қайырбековтің (1928-1994) туғанына 85 жыл. Қостанай облысы, Торғай қаласында туған. Өмірінің соңына дейін Қазақстан Жазушылар одағының ақындар қауымдастығының президенті болды. 1954 жылы оның «Құрдастар» атты тырнақалды жинағы жарық көрді. Содан бері қырықтан астам кітабы шықты. «Дала қоңырауы» поэмасы, «Жер астындағы жұлдыздар», «Қанатты жылдар» жинақтарын, «Беласар» атты қос томдығын оқырман қауым ілтипатпен қабылдады. Балаларға арналған «Балықшы Иван», «Күн баласы», «Ақ көйлекті шал», «Балқурай» атты кітаптар жазған. «Қарқаралы басында», «Толассыз толқын», «Елтінжал», «Өмір оттары», «Ел мен жер», «Үш қиян» т.б. прозалық және зерттеу, очерктер жинақтарының авторы.

25 тамыз

Жазушы Қайнекей Жармағамбетовтің (1918-1974) туғанына 95 жыл. Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Шилі ауылында туған. Алматы мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетін, аспирантурасын бітірген. 1964 жылдан шығармашылық жұмыспен айналысқан. Алғашқы жинағы «Заман біздікі» деген атпен 1950 жылы шықты. Өлеңдері мен балладалары «Адам туралы аңыз», «Мұғалима туралы баллада», «Соңғы күн», «Сырлы тал», «Шыңдағы шамшырақ» атты жинақтарына енді. Әнші Әміре Қашаубаев жайлы «Әнші азамат» повесін, А.М.Горький, С.Мұқанов, Ж.Жабаев, М.Әуезов, Б.Майлин шығармашылығы туралы монографиялық еңбектер жазды. И.Шиллер, А.Мацкевич, А.Барто өлеңдерін, Б.Ершовтың «Тұлпартай, сұңқартай» ертегісін, И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын аударды.

1 қаңтар

Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қапан Мусиннің (1921–1970) туғанына 90 жыл. Қазақтың мемелекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне дирижерлік етті. Мусин қазақ композиторларының арасында алғашқылардың бірі болып симфониялық шығарма жазды. Камералық, драмалық қойылымдарға жазған музыкалары қазақ музыкасының озық үлгілері болып табылады. Сонымен қатар Қ. Мусиннің камералық, вокалдық-хор, ән-романс жанрларында жазылған шығармалары ел ішіне, кәсіби музыканттар арасында кеңінен тарады.

27 тамыз

Ақын Қабдікәрім Ыдырысовтың (1928-1978) туғанына 85 жыл. Павлодар облысы, Краснокутск ауданы, Октябрьдің 25 жылдығы атындағы кеңшарда туған. Үлкенді-кішілі отыздан астам кітабы жарық көрген. А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Хикмет, Т.Шевченко, А.Барто, С.Михалков, С.Вургун өлеңдерін аударған.

Қыркүйек

2 қыркүйек

Жазушы, журналист Тәкен Әлімқұловтың (1918-1987) туғанына 95 жыл. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында туған. Өлең жазып, әдеби сынмен шұғылдана жүріп, аударма саласында елеулі еңбек етеді. П.Павленконың «Бақытын», В.Поповтың «Құрыш пен қоқысын», Г.Николаеваның «Орақ үстіндесін», А.М.Горькийдің «Зеріктірген дүние» атты памфлетін аударған. Орыс тілінде жазған сын мақалалары Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан «О прошлом и настоящем» деген атпен жарық көрді. Арасында қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тіліне аударған.

9 қыркүйек

Жазушы Әкім Әшімовтың (Әкім Тарази) туғанына 80 жыл. 1933 жылы Алматы қаласында туған. Алғашқы кітабы «Құйрықты жұлдыз» повесі 1956 жылы жарық көрді. Одан бері «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Журавли-журавушки» т.б. повесть, әңгімелері, романдары жарияланды. 2008 жылы «Мұстафа Шоқай» романы жарық көрді. «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ» т.б. пьесалардың, «Тұлпардыі ізі» (реж. М.Бегалин), «Арман атаман» (реж. Ш Бейсенбаев), «Қараш-қараш оқиғасы» (Реж.Б.Шәмшиев), «Мұстафа Шоқай» т.б.кинофильм сценарийлерінің авторы.

28 қыркүйек

Жазушы Оралхан Бөкеевтің (1943-1993) туғанына 70 жыл. Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында туған. «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Ән салады шағылдар», «Үркер ауып барады», «Біздің жақта қыс ұзақ» әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өз отыңды өшірме» романы, «Құлыным менің» пьесалар жинағы шықты. «Текетірес», «Зымырайды поездар», «Жау тылындағы бала», «Мен сізден қорқамын» пьесалары қазақ және орыс тілідерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылды. Орыс тілінде «Жасынның ізі» әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрді. Бірқатар шығармалары шетел халықтары тілдеріне аударылды. Оның шығармалары бойынша «Кісікиік», «Сайтан көпір» көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спектакль (балетмейстер Б.Аюханов) қойылды.

Ақын Тайыр Жароковтың (1908-1965) туғанына 105 жыл. Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жетібай ауылында туған. Атасы Малтақан қара сөзге шешен, реті келген жерде бір-екі ауыз өлең шығара алатын кісі болыпты. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Жұлдыз жарығы» деген атпен 1932 жылы басылып шықты. Әр жылдарда «Нефстан», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Құмдағы дауыл», «Тау жырлайды» т.б. кітаптары жарық көрді. Пушкиннің «Цыгандар», «Кавказ тұтқыны», «Ағайынды қарақшылар», Грибоедовтың «Ақылдың азабы» т.б. туындыларды аударды.

Қазан

1 қазан

Педагог, жазушы, аудармашы Спандияр Көбеевтің (1878-1956) туғанына 135 жыл. Қазіргі Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ақсуат ауылында туған. Бүкіл өмірін ауыл мектебінде ұстаздық етуге арнайды. Крыловтан, т.б. аударған мысалдары «Үлгілі тәржіма» деген атпен Қазанда басылды. Бұдан кейін Ы.Алтынсарин үлгісімен қазақ мектептеріне арнап оқу кітабын құрастырды. «Үлгілі бала» деген атпен жарияланған бұл кітапты ол К.Ушинскийдің «Родное слово» оқулығының үлгісімен жазды. «Қалың мал» романы қазақ әдебиетіндегі прозалық шығармалардың алғашқы үлгілерінің бірі. Өз өмірі мен ұстаздық, жазушылық жолы оның «Орындалмаған арман» атты мемуарлық кітабында баяндалған.

2 қазан

Жазушы Кемел Тоқаевтың (1923-1986) туғанына 90 жыл. Алматы облысының Қаратал ауданында туған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Кеңес чекистері тақырыбына арналған оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі жариялаған әдеби бәйгелерде бірінші бәйге алып, төрт мәрте лауреат атанды. «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?» және «Сиқырлы сырлар» деп аталатын пьесалардың да авторы.

15 қазан

Жазушы Ахмади Жанаттың (1943) туғанына 70 жыл. 1943 жылы қазан айының 15 жұлдызында Шығыс Түркістанның Құлжа губерниясы, қазіргі Іле Қазақ облысына қарасты Қорғас ауданында Үш Ақсу – Мазы деген жерде дүниеге келген. 1962 жылы атамекені Қазақстанға келді. 1995 жылдан бері таза шығармашылықпен айналысады. 2006 жылы Шығыс Түркістан, Үрімші қаласы «Жас өркендер» баспасынан араб әрпімен «Есенгелді би» тарихи романы, 2008 жылы «Кітап» баспасынан «Жарылғап би» тарихи романы, 2009 жылы «Кітап» баспасынан «Қарадан туған хан Нұрабай» тарихи романы, «Адемпринт» баспасынан «Уақыт ырғағы» атты рецензия,, әдеби сын мақалалар кітабы жарық көрген. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

25 қазан

Жазушы Тахауи Ахтановтың (1923-1994) туғанына 90 жыл. Қазан айының 25 жұлдызында Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз селосында туған. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды. 1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі — «Күй аңызы». 1956 жылы «Қаһарлы күндер» атты романы жарық көрді. 1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейінгі «Боран», «Ант», «Әке мен бала» драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында көрінді. А.Н.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

29 қазан

Балалар жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың (1923) туғанына 90 жыл. Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында туған. Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Алғашқы кітабы — «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шықты. Содан бері бірнеше ондаған кітабы, бірнеше дүркін таңдамалылары, туысқан халықтар тілінде көптеген жинақтары басылып шықты. Жүз сексен әнге өлең жазды. 64 төл тума және аударма кітаптардың авторы. Көркем аударма саласында Сағдидың «Бостанын», Петефи мен Тоқтағұлдың, Апполинердің таңдамалы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар алдындағы сөзін» және Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлил, Фирдоуси,Х.Әлімжанның өлең-жырларын қазақ тіліне аударған. Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.

Қараша

7 қараша

Жазушы, журналист Ахмет Өтеннің (1938) туғанына 75 жыл. 1938 жылы қараша айының 7 жұлдызында Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Қорқыт стансасында туған. Еңбек жолын Жезқазған руднигінде шахтада бастаған. 1967 жылдан бастап баспасөз саласында қызмет етті. «Алыптың адымы» атты тұңғыш очерк кітабы 1968 жылы, «Алда күн бар» атты алғашқы повесі 1973 жылы жарық көрді. Одан кейін әр жылдары «Адам болғым келеді», «Алтын арқау» повестері, «Қоңыр үй», «Заңғар», «Адасқан ғасыр», «Қарқаралы аруы» романдары шықты. «Қазақтелефильм» түсірген «Қарқаралы қыздары-ай» телевизиялық фильмі сценарийінің, «Темірқазық», «Студенттер», «Кенесары, Наурызбай», «Желтоқсан ызғары», «Бағдаршам», «Құрыш пен қоңыз» пьесаларының авторы.

8 қараша

Журналист, ақын Аманжолов Қорғанбектің (1953) туғанына 60 жыл. 1970 жылдан «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері» журналдарында өлеңдері жарық көре бастаған. «Жалын» баспасынан шыққан «Тың тынысы», «Қарлығаш» ұжымдық жинақтарына топтама өлеңдері енген. 2002 жылы «Зеренді қарағайлары атты жыр жинағы және «Ғибраты мол ғұмыр» атты сериямен «Мақтай Сағдиев» деген хикаят-эссе кітабы жарық көрген. «Ғибрат пен Зұлмат», «Біржан бұрмалары», «Бірәлі-дастан», «Сабат» проза және өлең кітаптары бар. Көркем аударма саласында жемісті еңбектеніп келеді. О.Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстан мифтері», «Ежелгі Қазақстан аңыздары», «Ежелгі Қазақстан әфсаналары» атты тарихи-танымдық кітаптарын, Герман Меллвилдің «Моби Дик немесе Ақ Кит» романын тәржімалаған. «Қанай-Абылай» атты тарихи дастан жазып жариялады.

Желтоқсан

5 желтоқсан

Жазушы Жекен Жұмахановтың (1913-1978) туғанына 100 жыл. Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Кеңес Одағының батырлары Ә.Молдағұлованы, М.Мәметованы, Ленин орденді атақты мерген Ы.Сүлейменовті, «Даңқ» орденінің үш дәрежесінің иегері Бексұлтан Рахметовты көзімен көріп, тілдескен. Солар жайында очерктер жазған. Шығармаларына майдангерлер өмірін арқау етті. Гогольдің «Рим» деген әңгімесін, В.Орловтың «Батыл ой» кітабын, М.Садовянудың «Митра Кокорь» повесін, Морис Торездің «Халық ұлы» кітабын қазақшалады.

Ақын, журналист, аудармашы Әбіраш Жәмішевтің (1928-1995) туғанына 85 жыл. Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Бесөзек ауылында туған. 1965 жылдан бері оның оннан астам жыр кітабы оқырман қауымның қолына тиді. Әдеби сынға атсалысты, көркем аудармамен де шұғылданған. Оның аударуында Хафиздің, Физулидің ғазалдары «Ұлы ақындар кітапханасы» сериясы арқылы қазақ оқушыларына жетті. А.С.Пушкиннің, Айбектің, М.Исаковскийдің өлеңдерін, А.Вознесенскийдің «Лонжюмо», С.Шипачевтың, армян жазушысы Г.Эминнің «Армения туралы жеті жыр» кітабынан «Жазбалар жырын», тәжік ақыны М.Қаноатовтың «Вахш толқындары» деген атпен өлеңдері мен поэмалар жинағын, Қ.А.Йасауи хикметтерін аударған.

13 желтоқсан

Жазушы, журналист Әскен Нәбиевтің (1923) туғанына 90 жыл. Ақмола облысы, Алексеев ауданында туған. 1941 жылы орта мектепті бітіріп, сол жылдың желтоқсанында майданға аттанды. 62-ші армия құрамында Сталинград үшін ұрыстарға қатысып, ауыр жарақаттанған. «Мұрагер», «Гүлза», «Шолпан», «Бел-белестер», «Шынығу шағы» т.б. повестері мен әңгімелері жарық көрді.

15 желтоқсан

Жазушы Қалижан Бекхожинның (1913-1990) туғанына 100 жыл. Павлодар облысы, Баянауыл өлкесінде әулиелі Қызыл тауда дүниеге келген (азан шақырып қойған шын аты – Қали-Мұхаммед). Бала кезінде жалдамалы молдадан арабша хат таныған Қалижан бала кезінде қисса-жырларды көп оқып, әдебиетке ерте құмартады. 6-8-10 сыныптар оқулықтарының авторы болған. Ағылшынның атақты ақыны Байронның «Чайльд Гарольд» поэмасының бірнеше тарауларын аударып, ол қазақ әдебиетінің 8 сыныбына арналған хрестоматияда (1937) жарияланады.1938-1939 жылдары «Партизан Балтабай» («Кек»), «Орман қызы», «Ақсақ құлан» атты үш дастан жазған. 1939 жылы аты шулы Кенесары, Наурызбайды мадақтайтын «Батыр Науан» атты поэма жазған, кейін 1950 жылдары осы поэмасы үшін қуғын көріп, кітаптарын шығаруға тиым салынған. «Шеру» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1944 жылы жарыққа шықты. Қырықтан астам өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарыққа шыққан. Драматургия саласындағы туындылары: «Егер жүрек шын берілсе» Қазақтың жастар мен балалар театрында, «Ұлан асу» («Ақтабан шұбырынды») Қазақтың М.Әуезов атындағы драма театры мен Шымкент облыстық драма театрында, «Нөсерден кейін», «Гималай сарыны» облыстық театрларда қойылды.

17 желтоқсан

Жазушы Өтебай Канахиннің (1923-1990) туғанына 90 жыл. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Тәуіп ауылында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алғашқы әңгімесі «Екі кездесу» 1947 жылы жарық көрді. «Ауыр күндер», «Мұрагер», «Көл жағасында», «Маздақ», «Тұңғыш махаббат», «Дәмелі», «Жүрек қалауы», «Ата қоныс» т.б. кітаптардың авторы. М.Шолохов, А.М.Кожевников повестерін тәржімалады, бірқатар шығармалары орыс, украин, белорус, өзбек, армян, тәжік, татар, башқұрт, қырғыз және неміс тілдеріне аударылған.

20 желтоқсан

Жазушы Мырзабек Дүйсеновтың (1928-1988) туғанына 85 жыл. Қызылорда облысының Сырдария ауданында туған. 1953 жылы филология ғылымының кандидаты, 1968 жылы филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алды. Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очеркін, қазақ әдебиет тарихын жазысуға белсене қатысты. Бірнеше әңгімелер жинағы, оннан астам повесі бар. «Гүлжан», «Ана махаббаты» повестері орыс тіліне, «Емтихан» повесі өзбек тіліне аударылды.

24 желтоқсан

Драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың (1928-2001) туғанына 85 жыл. Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Шығармашылық жолын М.Горькийдің «Тоғышарлар», С.Айнидің «Құлдар», Айбектің «Киелі қан» сияқты атақты туындыларын аударудан бастаған. 1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысының премьерасы болды. Бұдан кейін қаламынан «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек» сияқты комедиялары, «Жат елде», «Біз періште емеспіз», Ш.Айтматовпен бірігіп жазған «Көктөбедегі кездесу» атты драмалары республикалық және облыстық театрлар сахналарында қойылды. «Шыңдағы шынар», «Айман-Шолпан» киносценарийлерінің авторы. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер – Ана», «Арманым, Әселім» пьесаларын, «Ақ кеме» повесі және Шығыс классикасының «Мың бір түн» ертегісін қазақшалады.

25 желтоқсан

Жазушы Хамза Есенжановтың (1908-1975) туғанына 105 жыл. Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Чапаев ауданында туған. 30-жылдары «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл құмақ», «Күшке күш» әңгімелері және «Жер шарында» атты сахналық шығармасы жарияланды. Ол сталиндік жаппай жазалау толқынына ілігіп, өмірінің біразын итжеккенде өткізген. 1956 жылдан қаламгерлік өнімді еңбек жолын бастады. «Ақ Жайық» трилогиясы Батыс Қазақстандағы тұтас бір кезеңнің оқиғаларына арналған. 1963 жылы трилогияның заңды жалғасы болып табылатын «Көп жыл өткен соң», ал 1971 жылы «Ағайынды Жүнісовтер» романдарын жазды. Өмірінің соңғы жылдары «Қарт қазақ», «Жайын ілерде», «Жар» т.б. әңгіме, очерк, әдеби-сын мақалалар жазды. «Ақ Жайық» романы орыс тіліне аударылып, одақтық, республикалық баспалардан жарық көлді.

29 желтоқсан

Жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің (1938-1992) туғанына 75 жыл. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданындағы Шорнақ ауылында туған. «Бесін», «Адасқақ», «Бесатар» прозалық кітаптардың, әдебиет және өнер жайлы жазылған көптеген мақалалардың авторы. «Арғымақ пен шабандоз», «Құлагер» киносценарийлерін жазды. «Кек», «Жазушымен жүздесу», «Жетінші палата» драмалары жарық көрді. Б.Брехтің, Е.Шварцтың пьесаларын аударған. Жазушы туралы «Парасат падишасы» атты кітап шықты.

Айы мен күні белгісіз 2013 жылы аталып өтілетін мерейтой иелері

Ақын Тайжан Қалмағамбетовтың (1878-1938) туғанына 135 жыл. Жезқазған, Қарағанды, Қарсақбай сияқты өндіріс ошақтарына арнау өлең-жыр шығарған. 1926 жылы Шеген, 1930-1936 жылдары Болман, Иманжан тәрізді Арқаның белгілі ақындарымен айтысқа түскен. А.В.Затаевичке бірнеше ән жаздырған. 1934-1936 жылдары халық өнерпаздарының республикалық слеттеріне, 1936 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысқан. «Тайжан әні», «Ыбырайға» сияқты ән-термелері күйтабаққа жазылған. Қалмағамбетовтың көптеген әндері кезінде жазылып алынбаған. «Ой ағысы» өлеңдер мен айтыстарының жинағы 1984 жылы жарық көрген.

Абайдың ақын шәкірттерінің бірі, әнші, сазгер Уәйіс Шоңдыбайұлының (1873-1923) туғанына 140 жыл. Керей Уәйіс атанған ол суырып салма әрі жазба ақын ретінде елге танылған. Уәйістің әдеби мұрасының негізін өлеңдер, дастандар, айтыстары құрайды. Оның «Тәуке -Жікібай» атты дастаны ел арасына кең тараған. Абайдың тапсыруымен ол «Конек-горбунок» атты орыстың халық ертегісін өлең түрінде жырлаған П.П. Ершов нұсқасын жыр үлгісінде қазақ тіліне аударған. Уәйістің «Перуайым», «Бозқараған», «Ақбөкен» т.б. әндері ел ішінде кең тарады. 1988 жылы Қ.Мұқамедханұлының құрастыруымен Уәйістің «Уақыт өрнегі» атты шығармалар жинағы жарық көрді.

Абайдың мұрасын тұңғыш бастырушы, Абайдың інісі Ысқақтың баласы Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаевтың (1868-1915) туғанына 145 жыл. 8 жасынан бастап ауыл молдасынан 4 жылдай оқып, түрікше, арабша хат таныған. Кәкітайдың ерекше зеректігін байқаған Абай 1882 жылы оны өзіне бала етіп алып, Мағауиямен бірге тәрбиелеген. 1905 жылы Әлихан Бөкейхановтың кеңесімен Абай шығармаларын баспаға әзірлеуге кіріскен Кәкітай сол жылы жазда Семейге, одан Омбыға барып бастыра алмаған соң, кейін Қазан қаласына келеді. Осы қалада Санкт-Петербург баспаханасының өкілімен келісім-шарт жасасып, болашақ кітаптың корректорлығын өз мойнына алып, ақысын алдын-ала төлейді. 1909 жылы Абайдың тұңғыш жинағы — «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» деген тақырыппен Санкт-Петербургте жарық көріп, барлық данасы Семейге Кәкітайдың атына жіберіледі де, сол жерде бүкіл қазақ даласына тарайды.

Айтыскер ақын — Сара Тастанбекқызының (1853-1907) туғанына 160 жыл. Сараның лирикалық өлеңдері, көбіне өз тағдырын, жеке басының мұң-зарын арқау еткен туындылар, нәзік лиризм мен ой-толғаныстарға толы «Ортақ мұң», «Аққыз», «Қарлығаш», «Торығам», т.б. жырларында өзі өмір сүрген ортаның шынайы қалпы суреттеліп, әлеуметтік қатынастар қалыптастырған адам мінез-құлықтары нақты көрініс тапқан. Ақынның «Жүрек» сыры», «Жайлауда», «Әбіштің әруағына» секілді өлеңдері бар. Сара шығармашылығында «Тағдыр тәлкегі» дастанының орны ерекше. Шығармаға Сараның өмір жолы негіз болған, бостандыққа қол жеткізу жолындағы күресі жырланған. Сараның дарынды ақын, майталман сөз шебері екенін танытқан шығармасы – Біржанмен айтысы.

Зар-заман ақыны, жырау Мұрат Мөңкеұлының (1843-1906) туғанына 170 жыл. Ол елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа қарсы жыр толғады. Зар заман ақыны атанды. Мұрат Мөңкеұлының басты шығармасы — «Үш қиян». «Сарыарқа», «Әттең, қапы дүние-ай», «Қазтуған» жырлары бар. Мұнда айтылатын басты нәрсе – жер, құтты қоныс жайы. Ол «Қарасай-Қази», «Шәлгез», «Ғұмар Қазиұлына айтқаны» атты жырларына діни аңыздарды негіз еткен. Майталман жыршы, термеші ретінде де танылған. «Өлім», «Қыз», «Арғымақ сайлап не керек», «Аттан сұлу болар ма?», «Жалғаншы фәни жалғаншы» атты термелерінде заман сырына үңіліп, өмір мен өлім, жастық пен кәрілік, сұлулық хақында толғанады. Ақын шығармалары орыс тіліне аудырылған.

Қазақ әдебиеті тарихындағы ірі тұлғалардың бірі Шортанбай Қанайұлының (1818-1881) туғанына 195 жыл. XIX ғасырдың орта тұсы мен екінші жартысында қазақ даласында орыс отаршылдығы күшейі түсті. Ел өміріне енген түрлі өзгерістер халықтың дәстүрлі өмір салтының, ынтымақ-бірлігінің бұзылуына, ал отаршылдық саясаттың нығаюына қызмет етті. Шортанбайдың азаматтық, ақындық ғұмыры халық тарихындағы осындай қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Шортанбай осы көзі көрген, көңілі түңілген шындықты – жаңа қоғамдық қарым-қатынастарды заманның азғаны деп жаны күйзеле, зарлана жырлады, шеней суреттеді. Оның «Зар заман» өлеңдер топтамасы – заман сипатынан түңілген, халық үшін жаны күйген жанның толғанысы, дәуір айнасы.

Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Құмарованың (1936) туғанына 75 жыл. 1961 жылы «Қыз сыры» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді. Оның «Сезім патшалығы» атты романы, «Кімнің тойы», «Бір бойдақтың хикаясы» атты драмалық шығармалары бар. 1991 жылдан республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Халық ақыны Шөже Қаржаубайұлының (1808-1895) туғанына 205 жыл. Оның бір топ өлеңдері «Дәукейге», «Домбыра шыққан тыңқылдан», «Бәйтіктікі мақтағаны» т.б. жеке адамдарды көтере дәріптеп, мақтауға құрылған. Шөже айтыстары өзінің өткірлігімен, шынайы сыршылдығымен ерекшеленеді. Шөже – белгілі эпик ақын, әнші әрі композитор. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ең көркем әрі толық нұсқасы Шөженің айтуымен таралған. Оның халық ауыз әдебиетінің асыл үлгілері мен ел шежіресінің асқан білгірі екенін кезінде Ш.Уәлиханов атап көрсеткен. А.Құнанбаев, С.Торайғыров Шөженің ақындық талантын жоғары бағалап, жасқанбай тура айтатын өткірлігін құрмет тұтқан.

Ақын Сабырбай Ақтайлақұлының (1793-1880) туғанына 220 жыл. Әкесі Ақтайлақ елге танымал би болған. Сабырбай жастайынан өлең шығарып, серілік құрған, жиын-тойларда көптеген ақындармен айтысқан. Ол айтыста алдына жан салмаған. Ақынның «Барақ сұлтанға», «Үш қызыл», «Жанақ ақынға», «Шаһар-ау, өлемін бе, өлмеспін бе» т.б. өлеңдері заман шындығын бейнеледі. «Сыбан Сабырбай ақынның Солтабай төреге айтқан сөзі» «Таң журналында» (1925, №1) басылса, айтыстары «Айтыс» (1965, 1-т.), «Қазақ халық әдебиеті» жинақтарында (1988, 9-т.) жарияланған.

Ақын Шал (Тілеуке) Құлекеұлының (1748-1819) туғанына 265 жыл. Шал Құлекеұлының өлең, жырларынан өз дәуірінің өмір көріністері айқын аңғарылады. «Ата-ананың қадірін», «Жігіт туралы», «Жігіттің өзін білем дегені», «Әйел сыны», «Қыздар туралы» т.б. шығармаларында жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ынсап пен тойымсыздық, ақылдылық пен аңғалдық, ізгілік пен надандық, байлық пен кедейлік тәрізді кереғар жайттар кең қамтылып сөз болады. Оның шығармаларында моральдық, этикалық қатынастар да ұтымды бейнеленген. «Кәрілік туралы», «Жастықты көксегені», «Он бес деген жасым-ай», «Елу ердің жасы екен», «Жаманға дәулет бітсе ауа айналар», «Екі арыстан жабылса дәуді өлтірер», «Айтайын біраз кеңес». Бір топ жырлары «18-19 ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары», «Үш ғасыр жырлайды», «Алдаспан», «15-18 ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарық көрді.

Әйгілі жырау Бұхар жырау Қалқаманұлының (1693-1787) туғанына 345 жыл. Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен жалынды күрестің жыршысына айналды. Жыраудың «Абылай ханның арқасында», «Ай, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасында», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отаршылдық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді.

Жырау, батыр Қожаберген Толыбайұлының (1663-1763) туғанына 350 жыл. Он үш жасынан өлең шығарып, он жеті жасында аңыз әңгімелерді өлеңмен жырлаған. Қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата тек» дастанын жазған. Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызмет атқарған. Қожаберген жырау Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» заңдар жинағын әзірлеуге қатысқан. Сонымен қатар «Жеті жарғы» тарихи дастанын жазған. Өлең-жыр, дастан жазумен қатар, ән-күй де шығарған. «Елім-ай» әні, «Елім-ай» күйі, «Елім-ай» жыр-дастанының авторы. Сонымен бірге «Бозінген», «Бозайғыр», «Дабыл», «Аңырақай», «Қалмаққырған», «Қызыл нар» атты күйлері де болған. Жыраудың «Баба тіл» дастанының алғашқы бөлімі, «Ата тек» тарихи жырының, «Қуаныш» атты өлеңінің, «Ер Қойлыбай» дастанының үзінділері, «Жастық», «Кәрілік», «Өсиет», «Наурыз батасы», «Насихат өлеңдері» мен «Елім-ай» сияқты ғана шығармалары жеткен. Оның аталған шығармалары «Елім-ай» деген атпен кітап болып шыққан.

Өнер (кескіндеме, мүсін, музыка, кино, театр)

1958 жылы Қазақстан кинематографияшылар одағы – республика кино өнері қайраткерлерінің ерікті шығармашылық бірлестігі, ұйымдастыру комитеті құрылды. 1966 жылы 1-Құрылтай съезінде Қазақстан кинематографияшылар одағы болып ұйымдасты. Басшы органы – съезд, атқарышы органы – басқарма. Ұйымдастыру бюросының тұңғыш төрағасы, кейін басқарма төрағасы Ш.К.Айманов (1958-1970) болды. Ұйымдастыру бюросы ұлттық-киноматографияның қалыптасуында, отандық және ұлттық кино өнері туындыларын насихаттауда зор рөл атқарды. Қазақстан кинематографияшылар одағы жанында көркем кино, деректі кино, телевизиялық кино және телефильмдер, кино драматургиялық, кинорежиссерлік, кинотану және кино сыны, киноактерлер, операторлық шеберлік, фильмдерді аудару, кинотехниктер секциялары бар.

Қазақстан суретшілер одағы – республика суретшілері мен өнертанушыларды біріктіретін ерікті шығармашылық ұйым. Оның құрылғанына (1933) 85 жыл. Басқару органы – съезд, атқару органы басқарма. Одақ өз мүшелерінің көркемдік деңгейі жоғары туындылар жасауына және кәсіби шеберлігін үнемі дамытуға ықпал етеді. Қазақстан суретшілер одағы басқармасының төрағалары: В.Н.Сладков (1933-1940), Ә.Қастеев (1954-1956), Х.Е.Наурызбаев (1956-1959) т.б. болды. Одақ конференциялар мен семинарлар өткізіп, көркемсурет көрмелерін ұйымдастырады.

Атақты әнші, актер, музыкант Әміре Қашаубаевтың (1888-1934) туғанына 125 жыл. 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келген. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызады. Әншінің атақты Қоянды жәрмеңкесіне баруы, Мәди Бәпиұлы, Ғ.Айтбаев және Қ.Байжановты көруі жас әншінің шығармашылық өмір жолында бетбұрыс жасады. Әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы Қ.Жармағамбетовтың «Әнші азамат», Н.И.Ановтың «Ән қанаты», М.Тоқжігітовтың «Ән атасы – Әміре» т.б. зерттеу еңбектері мен көркем шығармалары жарық көрген.

Әнші, ақын, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлының (1868-1946) туғанына 145 жыл. Павлодар облысы, Екібастұз ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі. Әнге деген құмарлығы 7-8 жасында-ақ байқалады. Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындармен бірге үлкен жиындарда ән салып, халыққа танымал болады. Естай ақындық, орындаушылық өнерімен қатар шебер композитор ретінде де белгілі. Композитордың алғашқы туындысы — «Шолпан қаққан» әні. Оның «Наз қоңыр», «Бір мысқал», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнарайым», «Қоштасу», «Қаламқас», «Қаракөз» әндері – қазақ музыкасының алтын қорына қосылды.

Ақын, әнші Манат қыз (1858-1890) (Манат Бақбергенқызының) туғанына 155 жыл. Қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданында дүниеге келген. Он төрт жасынан бастап жиын-тойларда ақындармен айтысқа түскен. Манат қыздың ақын болып қалыптасуына немере ағасы Жылқыбайдың әсері мол болды. Манат қыз он жеті жасынан бастап-ақ көркемдігі жағынан айтыс өнерінің озық үлгілеріне қосылатын мұра қалдырды. Ел арасына атағы жайылып, Күдері, Қожа, Бұдаубай сынды ақындармен айтысқан. Халық әндерін шебер орындайтын әншілік өнерімен де танылған. Мақпал қыздың Мұсабекпен айтысы «Айтыс» жинағында жарияланған.

Күйші-қобызшы, композитор Ықылас Дүкенұлының (1843-1916) туғанына 170 жыл. Қазіргі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Ықыластың атасы Алтынбек айтулы зергер, ұста адам болған; ағаштан қобыз, домбыра жасап, өзі сол аспаптарды жақсы тарта білген. Ал өз әкесі Дүкен күйшілік өнерді ұстанған. Ықыластың күйшілік дарыны ерте ашылып, 7-8 жасынан қобыз ұстап, әкесі тартқан күйлерді тез игеріп алған. 15 жасында үлкен жиындарда өнер көрсете бастады. 18 жасында әкесінен үйренген күйлерге өзгеріс енгізіп, оларды классикалық деңгейге көтерді. Алғашқы күйлерін халықтық фольклордағы оқиғалар негізіне құрды; эпостық жырларды, аңыз ертегілерді қыл қобыз үнімен шертті және қыл қобыздың үн көлемін байытап, тереңдетті. Ол толғаған «Қорқыт» — бақытты өмірді аңсау, тәтті қиял; «Кертолғау» — замана келбеті, мезгіл туралы ой; «Қоңыр» — адам сезімінің шаттанған, шуақты сәті, жарқын лиризм; «Қазан» — елдің батырлық салтын ардақтаған салтанатты шеру. Ықыластың көптеген күйлері Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінде, «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде де орындалады. Ықыластың қобызы Жамбыл облысы, Жайлаукөл ауылында тұратын немерелерінде сақтаулы.

Ақын, әнші, композитор Ақан Сері, Ақжігіт Қорамсаұлының (1843-1913) туғанына 170 жыл. Бұрынғы Көкшетау облысы, Үлкен Қоскөлдің маңында дүниеге келген. Ақан сері жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған. 16-17 жасынан өнер жолына түскен. Ақан серінің тірідей айырылған сүйген қызы – Ақтоқты. Бұл – арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан сері шығармаларынан кең орын алды. «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Ж-ға» — Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Құлагердің мерт болуы да егде тартқан Ақан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған. Ақан серінің «Ақтоқты», «Мақпал», «Балқадиша», «Сырымбет» т.б. әндері әйел жанының сұлулығын жарқырата көрсетуімен бірге махаббат құдіретін асқақтата суреттеуімен де құнды. Оның шығармаларын белгілі әншілер Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов т.б. ел игілігіне айналдырды. Серінің өмірі мен тағдыры туралы І.Жансүгіров «Құлагер» поэмасын, Ғ.Мүсірепов «Ақан сері – Ақтоқты» драмасын, С.Мұхамеджанов осы аттас операсын, С.Жүнісов «Ақан сері» романын жазды.

Күйші-сазгер Қожеке Назарұлының (1828-1881) туғанына 185 жыл. Қазіргі Алматы облысының, Райымбек ауданы, Қарқара ауылында дүниеге келген. Арқа, Атырау, Жетісу күй өнері мектептерінің үлгісін жарасымды үйлестіріп, өрнегі өзгеше шығармалар тудырған. Оның туындыларында төкпе, терме, шертпе күйлердің белгілері араласып, айрықша мәнермен тартылады. Қожеке күйлері уақыт тынысын,, зұлымдық пен адалдық, қатыгездік пен адамгершілік сияқты өзара кереғар қасиеттердің ара жігін тап басып, айқын аңғартады. Қожеке 100-ден астам күй шығарған. «Қолға алынар алдында», «Рабат төренің естіртуі», «Таскөмір шоғына қарылу», «Қинау», «Түрмедегі қинау» туындылары өз басынан кешкен ауыр халден хабар береді. Қожекенің «Нұрғазарын бұлбұл», «Керітолғау», «Аққу», «Күй шақыртқы» күйлері бар. 1984 жылы Үрімші қаласындағы Шыңжаң жастар баспасынан «Күй толқыны» кітабы басылып шықты. Кітапқа тоқсаннан астам күйі енген.

Күйші-композитор, дүлділ домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының (1823-1889) туғанына 190 жыл. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жиделі ауылында дүниеге келген. Жас кезінен домбыраға құмар, өнерге ықыласты Құрманғазы алғашқы ұстазы Ұзақ күйшіден, кейін Байжұма, Баламайсан, Есжан, Шеркеш т.б. күйшілерден тәлім алып, өнерін өрістете түседі. Күйшілік өнерін классикалық дәрежеге көтерген Құрманғазы мұрасының қазақ музыкасында алатын орны ерекше. Құрманғазы күйлерін тарихи негізде былай жіктеуге болады: 1. этноним атауы негізінде туған шығармалары («Адай»); 2. тарихи оқиғаларға орай туған туындылары («Кішкентай»); 3. қазақ даласының ұлылығын сазға қосқан күйлері («Сарыарқа», «Алатау»); 4. тарихи-ғұмырбаяндық шығармалары («Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан»). Құрманғазы күйлері көптеген қазақ композиторларының шығармаларына арқау болып келеді. Күйшіге арнап Е.Г.Брусиловский «Құрманғазы» атты симфония, А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанова «Құрманғазы» атты опера жазды. Құрманғазының музыка мұрасын зерттеуге А.Жұбанов, А.Затаевич, Б.Ерзакович, П.Аравин т.б. елеулі үлес қосты.

Ақын, әнші-композитор Сегіз Сері, Мұхаммедқанафия Баһрамұлының (1818-1854) туғанына 195 жыл. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Он жасынан бастап әншілік, ақындығымен аты шыққан. Сегіз Серінің «Топқараған», «Үкілім», «Көкем-ай», «Ғайни қыз», «Гауһар тас», «Мақпал», «Бозшұбар», «Назқоңыр», «Ақбұлақ» т.б. әндері халық арасына кең тарады. Сонымен қатар Сегіз Сері «Ғұмыр», «Әсем арман», «Туған жер», «Қыз сипаты», «Қашқын келбеті», «Туысы жақсы қандай-ды» т.б. өлең-жырлар шығарды. «Ер Сәтбек», «Айман – Шолпан», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» т.б. тарихи лиро-эпостық жырларды айтумен қатар Шығыс тақырыбында ғашықтық сюжеттерді де өз бетінше жырлаған. Сегіз серке шығарды деген «Тұлпар», «Қос қыран», «Алмас қылыш», «Бозжорға», «Ақ түйе» деген күйлер халық жадында сақталған.

Тарих, Саясат, Әскери іс.

Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің (1898-1939) туғанына 115 жыл. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған.

Темірбек Жүргеновті 1933 жылы Қазақ АКСР оқу ісі халкомы етіп тағайындаған уақыт республика үшін өте күрделі еді. Халыққа білім беру саласында да көптеген көкейкесті мәселелер тұрды. Жүргеновтің ұйымдастырушылық таланты бастауыш білім беруді іске асыруда, сауатсыздықты жоюда және жоғары оқу орындарын ашуда танылды. Халықтың білім деңгейін зерттеу үшін ол әртүрлі аудандарға сапар жасап, баяндама оқиды және мақалалар жариялайды. Жүргенов талмай жүріп халық таланттарын іздеді, оларға оқу мен жұмыс жасау үшін қажетті жағдай жасады. Қазақ музыкалық театры ұжымының шығармашылық өсуіне көп еңбек етті. Ол – марксизм-ленинизм еңбектерін қазақ тіліне аударғандардың бірі.

1937 жылы тамызда негізсіз тұтқындалып, соңынан қайғылы қазаға ұшырағанда, қазақ мәдениетінің талантты қайраткері Жүргенов шығармашылық күші жалындаған шағында еді.

Французша және еркін күрестерден көптеген халықаралық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, әлемдік спорт аренасына шығып, шет елдердегі жарыстарда атақ-даңққа бөленген тұңғыш қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың (1883-1948) туғанына 130 жыл. Ақмола облысы, Қараөткел ауылында туған. Оның палуандық жолы 1901 жылы басталады. Мұқан алғашқы ірі табысқа 1908 жылы жетті. Германияның Кельн қаласында өткен жарыста шешуші белдесуде немістің атақты палуаны Генрих Веберді жеңіп, бірінші рет әлем чемпионы болды. 1911 жылы Түркияға барып, Стамбұлда түріктің атақты палуаны Нұрлыны жыққаны үшін «қажы» атағы беріліп, Қажымұқан атанды. Қазақ даласының аты аңызға айналған палуаны өмірінің соңғы жылдарын Темірлан елді мекенінде өткізді. Астана және Шымкент қалаларындағы орталық стадионға ұлы палуанның есімі берілген. Астана, Алматы, Семей, Шымкент қалаларында Қажымұқан атында көшелер бар.

Мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың (1898-1938) туғанына 115 жыл. Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. «Қазақ жастарының демократиялық кеңесі» ұйымдарының басшыларының бірі болды. Колчак билігі орнаған шақта астыртын жұмыспен айналысты. Жазушы , қайраткер Ф.А.Березовский арқылы саяси ұйымдармен байланысып 1918 жылғы 22 желтоқсандағы қарулы көтеріліске қатысты. Халық ағарту саласының қазақ бөлімінде іс жүргізуші қызметінде істей жүріп, Омбы түрмесінен С.Сейфуллин мен басқалардың қашып шығуына қажетті құжаттар дайындайды. 1919 жылы шілде айында тұтқындалу қаупі төнгендіктен Ақмолаға оралды. 1937 жылы 17 қыркүйекте тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда атылған. Сәдуақасовтың өмір жолының патша өкіметі құлағаннан кейінгі алғашқы кезеңі С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи романында суреттелген. 1957 жылы сәуірде ақталды.

Осыдан 180 жыл бұрын 1833 жылы Қарағанды көмірінің кен орны ашылды. Бұл жерден Аппақ Байжанов тас көмір тапқан.

Ақын, күйші, Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы Махамбет Өтемісұлының (1803-1846) туғанына 210 жыл. Қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1834 жылы Исатай батырмен бірікті. Жер мәселесі, жайылымның тарлығы, орыс империясының қазақ хандығын жою мақсатындағы іс-қимылдары, Жәңгір ханның жерді туған-туыстарына бөліп беруі бүліншіліктің тууына себепші болды. 1838 жылы 12 шілдеде Ақбұлақ бойындағы шайқаста Исатай қазаға ұшырап, Махамбет Хиуа жақта екі жылдай жасақ жинауға әрекет жасады. Ақын өміріндегі ауыр да сүргінді жылдар жалғасып, 1841 жылы 4 наурызда белгісіз біреулердің көрсетуімен қолға түсті. Махамбет хорунжий Тұрымұлының қолынан қаза тапты. Махамбет шығармалары – бұхара өмірінің рухани-поэтикалық шежіресі, шаруалар қозғалысының шынайы бейнесі. Ол жыраулық поэзияның көркемдік әлемін байытып, шығармаларында ұлт-азаттық идеяларын көтерді, елдікті сақтап қалуға шақырды. «Мұнар күн» жырында ел басына түскен ауыртпалықты ашына айтты. «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» жырларында ақын алдағы күндеріне үмітпен, зор сеніммен қарады. «Арғымақтың баласы», «Еменнің түбі сары бал», «Жалған дүние» т.б. шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыс рухы, ел тағдыры мен арман-мүддесі терең әрі шынайы суреттелген.

Қоқан хандығы мен қырғыз манаптары жаулап алу мақсатында жүргізген соғыстарда ерен ерлігімен көзге түскен қазақ халқының батыры Саурық Стамбекұлының (1798-1854) туғанына 215 жыл. Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. XVIII ғасырдың орта шенінде қазақ жерлерін жаулап алу мақсатында жүргізген Қоқан және қырғыз феодалдары жорықтарының қарқыны үдей түсті. 1854 жылы қазақ әскерін басқарған ол Қоқан феодалдарына қарсы шайқастарда Сарыкемерде, Тойшыбек бекінісінде жеңіске қол жеткізді. Сол жылы Ормон манап бастауымен қазақ жеріне баса-көктеп кірген қырғыз қолына тегеурінді тойтарыс берді. Саурық батыр Қастек сайында болған қиян-кескі шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным Сарғалдаққызының (1783-1853) туғанына 230 жыл. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Сырымбет жерінде дүниеге келген. Айғаным өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болды, бірнеше шығыс тілдерін меңгерді. Петербургтегі Сібір комитетімен, Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен хат жазысып тұрды. Айғанымның өз халқы алдындағы айрықша беделін түсінген патша өкіметі қазақтарға қатысты көптеген істерді шешуде ол кісімен ақылдасып отырған. Шоқанның болашақта үлкен ғалым болып қалыптасуына әжесі Айғанымның әсері көп болған.

Кіші жүздегі 1783-97 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшісі, батыр, би, шешен Сырым Датұлының (1723-1802) туғанына 230 жыл. Қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Сарыой ауылында дүниеге келген. Патша әкімшілігінің озбырлығына, хан сұлтандардың дәрменсіз халіне ашынған Сырым Датұлы рубасыларының қалауымен қару алып, қалыптасқан саяси жүйеге қарсы шықты. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысты. 1783-97 жылдары ұлт-азаттық қозғалыстың Кіші жүздегі жетекшісі болды. 1797 жылы күзде Сырым Датұлы Хиуа хандығы иелігіне өтіп кетті. Сонда дұшпандардың қолынан қаза тапты.

Ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат Абылайдың, Әбілмансұр (1713-1781) туғанына 300 жыл. Оңтүстік Қазақстан, Арыс жағасында дүниеге келген. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Әбілмансұр «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Төле бидің тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады.Бір ұрыста Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, Қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы Шарышты өлтіреді. Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап ат қойған Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң, Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ даласындағы ең беделді әміршілердің біріне айналады.

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің қаһарманы Жәнібек Тархан Қошқарұлының, Шақшақ Жәнібек (1693-1752) туғанына 320 жыл. Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Тосын құмында дүниеге келген. 1710 жылы, он жеті жасында Тәуке ханның қолымен бірге жауға шауып, жекпе-жекте қалмақтың бас батырын өлтірген. Абылай ханның тұсында қол бастап, ханның негізгі кеңесшілерінің бірі болған, ел басқару және мемлекетаралық қатынастарға белсене араласқан. 1717 жылғы Аягөз маңындағы шайқаста 24 жасында қол бастап, ерлік көрсеткен.

Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батыр Хангелді Сырымбетұлының (1688-1763) туғанына 325 жыл. Ұлы жүздің Албан тайпасының әлжан руынан шыққан.Ұлы жүздің білікті адамдарымен аралас-құралас жүріп ел басқарысқан, жау жүрек батырларымен үзеңгілес жүріп қол бастаған, сондай-ақ жауырыншы болған. Аягөз, Тесіктас жерлерінде жоңғарлармен болған шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түскен, атақты Аңырақай шайқасында албан жасағын басқарды. Ол қолбасшылығымен аты танылған кезде еларалық бітімгерлік жұмыстарға да барып, өзінің білікті мәмілегерлігімен де көзге түскен.

Қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері Төле бидің, Төле Әлібекұлы (1663-1756) туғанына 350 жыл. Қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірі, Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі. Төле би Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасты. Төле би Қазыбек және Әйтеке билермен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын Жеті жарғының қабылдануына ат салысты. Төле би халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен танымал.

Орбұлақ шайқасына (1643) – 370 жыл. Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиға. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында қазақ қолын басқарған Жәңгір сұлтан мен жоңғар қолын басқарған Батыр қонтайшы арасында өтті.

Қазақ сұлтаны, Қасым хандығының ханы, Тәуекел ханның немере інісі, Ондан сұлтанның ұлы Ораз Мұхаммед Онданұлының (1573-1610) туғанына 440 жыл. Ондан орыс жылнамаларында «Қазақ ордасының ханзадасы» деп аталады. Ораз Онданұлы патша сарайындағы салтанатты қабылдауларға, орыстардың шведтерге, Қырым хандығына қарсы соғыстарына қатысты. Орыс патшасы Борис Годунов 1600 жылы Ораз Онданұлын Ока өзенінің бойындағы Қасым (Касимово) хандығының ханы етіп тағайындады. 1605-13 жылдары Ресейде болған бұлғақ жылдарында Ораз Лжедмитрий ІІ жағына шығып, жалған патшаның сарайындағы атақты адамдардың бірі болды. Ораздың өзіне адал қызмет етпейтінін сезген Лжедмитрий ІІ оны Ока өзенінің жағасына аң аулауға ертіп барып, жалдамалыларына өлтіртті.

Алтын Орда (1243-1503) – орта ғасырларда Шыңғысхан империясының құрамында Дешті Қыпшақта құрылған түрік мемлекеті. Жошы ұлы Бату хан тұсында (1227-1255) Алтын Орданың құрамында Ресейдің Еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Бұлғарстан, Солтүстік Кавказ, Хорезм Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ енді. Бату қолы Орта Азия қыпшақтарының қарсылығын жойған соң, Мәскеу, Киев, Краков, Бреслау, Будапешт қалаларын алып, Орталық Еуропа, Тракия өңірін,Австрия, Чехия, Словакияны бағындырды.

Мамлюк мемлекетінің төртінші сұлтаны Бейбарыстың (1223-1277) туғанына 790 жыл. Бейбарыс түркі тектес мәмлүктер арасынан шыққан, Мысырды билеген сұлтан, ортағасырлық Мысырдың аса ірі әскери және мемлекет қайраткері. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде жас Бейбарыс қолға түсіп, құлдыққа сатылған. Оны Дамаскіде Әмір Айдакин 800 дирхемге сатып алады. Крест жорықтарына қарсы күресте Мысыр әскеріне қолбасшылық етті.

1989 жылы «Қазақфильм» киностудиясы «Бейбарс Сұлтан» атты көркем фильм түсірді. Фильмде ертеректе Мысыр елінде құлдыққа өтіп кеткен қыпшақ баласы Бейбарыстың тағдыры баяндалған. Ол кейіннен сол елдің басшысы, ұлы қолбасшы деңгейіне дейін көтеріледі.

Өнер (кескіндеме, мүсін, музыка, кино, театр)

Қаңтар

1 қаңтар

Актриса, Қазақ ССР-нің халық артисі Бикен Ырымқызы Римованың (1923-2000) туғанына 90 жыл. Алматы облысы, Қаратал ауданы, Қанабек ауылында дүниеге келген. 1940 жылдан өмірінің ақырына дейін Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры труппасында қызмет етті. Тұңғыш ойнаған рөлі – Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Мәрзия. Қазақ сахнасында замандастар образын жасауға елеулі үлес қосты. «Абай – Әйгерім» (Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша) және «Қос мұңлық» атты драмалық шығарма, ұстаздары мен сахналас серіктері туралы «Өнердегі өнегелі өмірлер» кітабын жазды. Актриса есімі Талдықорғанның қазақ драма театрына берілді.

10 қаңтар

Дирижер, ҚазКСР-інің және РФ-ның халық артисі Фуат Шәкірұлы Мансұровтың (1928) туғанына 85 жыл. 1949-1952 жылдары Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің, 1953-1956 жылдары Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының, Қазақ радиосының симфониялық оркестрінің дирижері болды. 1958 жылдан ҚазКСР мемлекеттік симфониялық оркестрінің құрамымен Германияда, Польшада, Италияда және т.б. шет елдерде өнер көрсетті.

11 қаңтар

Әнші, Қазақстанның халық артисі Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісованың (1963) туғаныны 50 жыл. Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданының, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы ауылда дүниеге келген. Өнер жолын «Гүлдер» ансамблінің құрамында халық әндерін орындаушы ретінде бастаған. Орындаушылық шеберлігімен қазақ эстрада жанрының дамуына елеулі үлес қосты. Репертуарында қазақ халық әндерімен бірге, қазіргі композиторлардың музыкалық шығармалары бар.

13 қаңтар

Қазақтың тұңғыш кәсіби музыкалық театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының (1933) құрылғанына 80 жыл. 1933 жылы Алматы қаласында музыкалық студия ретінде құрылды. 1937 жылдан Қазақ опера және балет театры деп аталады. 1941 жылы академиялық мәртебесі, 1945 жылы Абай есімі берілді.

Ақпан

2 ақпан

Әнші, сазгер, Қазақстанның халық артисі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі, Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер Алтынбек Қоразбаевтың (1948) туғанына 65 жыл. 1973-2003 жылдары Жамбыл, Алматы облыстарының мәдени мекемелерінде педагогтік және басшылық қызметтер атқарған. 50-ден астам ән шығарған. Бірқатар әндерін өзі орындайды.

11 ақпан

Актер, режиссер, педагог, Қазақ КСР-інің халық артисі Юрий Борисович Померанцевтің (1923) туғанына 90 жыл. Сахналық өнер жолын 1943 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрынан бастады. Тұңғыш ойнаған рөлі – С.В.Михалковтың «Мақтаншақ қоянындағы» Қасқыр. Ол — сөздің мән-мағынасына ерекше ден қоятын, өткір мінезді, сахналық бояуы мол актер.

Наурыз

10 наурыз

Кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы Қожықовтың (1923-1988) туғанына 90 жыл. 1952 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында режиссер, 1974 жылдан көркемдік жетекші болып істеді. Осында өз сценарийі бойынша, жас ұрпақ тәрбиесі мәселесін қозғайтын «Ана мен бала» атты тұңғыш көркем фильм түсірді. Қожықов өзінің басты жұмысы — «Қыз Жібек» фильмін қойды. Осы фильм үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

13 наурыз

Композитор, музыкант, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО-ның халық артисі Мұқан Төлебаевтың (1913-1960) туғанына 100 жыл. Алматы облысы, Сарқанд ауданы, Төлебаев ауылында дүниеге келген. Төлебаев музыканың алуан жанрында еңбек етіп, фортепьяно мен скрипка үшін пьесалар, симфониялық оркестр мен хорға арнап күрделі шығармалар жазды. Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына жазған ән-романстары ерекше назар аударды. «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Көп жүрдім» атты өзіндік музыка тілі мен романстары қазақтың кәсіби музыкасында романс жанрының қалыптасуына игі әсерін тигізді. Төлебаев шығармашылығының шарықтау шыңы, қазақ музыкасындағы аса елеулі туындылардың бірі — «Біржан – Сара» операсы. Мұнда жеке адам тағдыры, бас бостандығы үшін күрескен Біржан мен Сара сынды өнер өкілдерінің шығармалары мен трагедиялық тағдыры терең тебіреніспен баяндалады.

Сәуір

16 сәуір

Әнші, КСРО халық артисі Роза Үмбетқызы Жаманованың (1928) туғанына 85 жыл. 1953 жылдан Қазақ опера және балет театрының әншісі. Жаманова гастрольдік сапармен көптеген шет елдерде болып, қазақ ән өнерін насихаттауға елеулі үлес қосты. 17 жыл бойы (1962-1979) Қазақ театр қоғамының төрағасы болды. 1968 жылдан Халықаралық театр институтының мүшесі.

22 сәуір

Актер, Қазақстанның халық артисі Нұрмұхан Сейітахметұлы Жантөриннің (1928-1990) туғанына 85 жыл. 1952-1967 жылдары және 1988 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетті. Жантөрин көптеген сахналық қойылымдар мен фильмдерде ойнап, қайталанбас образдар жасады. Алғашқы рөлі — «Аласталған Алитет» фильміндегі чукча жігіт Туматуге бейнесі. А.С.Пушкиннің «Шағын трагедияларында» Сальери, Барон және Дон Жуанның рөлінде ойнап, үздік актерлік шеберлігін танытты. Бейбарыс бейнесі – Жантөриннің кинодағы ең соңғы рөлдерінің бірі ретінде оның актерлік өмірбаянының биік белесі болып қалды.

25 сәуір

Актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің және КСРО-ның халық артисі Қалыбек Қуанышбаевтың (1893-1968) туғанына 120 жыл. Ол жалғыз өзі бірнеше адамның кейпіне түсіп, бір отырыста-ақ «екеудің таласын, үшеудің керісін, бесеудің жанжалын» орындап, тыңдаушы көпшілікті күлкіге кенелтетін дарынды өнерпаз ретінде танылды. Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында әр жылдары қойылған М.Әуезовтың «Еңлік — Кебек» трагедиясындағы Қараменде бидің бейнесінен бастап, осы спектакльдегі басты кейіпкерлерді түгел дерлік орындап шықты. Алматы қаласындағы көшеге және Астана қаласындағы қазақ музыка драма театрына Қуанышбаев есімі берілген.

Мамыр

1 мамыр

Қазақстанның халық суретшісі Мәмбеев Сабыр Әбдірасылұлының (1928) туғанына 85 жыл. Суреттері Қастеев атындағы Өнер мұражайында және басқа да мемлекеттік мұражай орындарында сақтаулы. Мәмбеев туындылары өзінің көркемдік жарасымдығымен, табиғи үйлесімімен, алуан түрлі түр-түстердің араласу ерекшеліктерімен көрермендерін өзіне баурап алады. Мәмбеевтің ұлттық тақырыпқа арналған туындылары өзіндік талғамы мен халқына деген перзенттік парызын жарқын көрсетуге ұмтылады.

21 мамыр

Ұйғыр композиторы, педагог, профессор, Қазақ КСР-інің халық артисі Құддыс Қожамияровтың (1918-1994) туғанына 95 жыл. Қожамияров ұйғыр халқының кәсіби музыка өнерінің негізін қалады. «Ризвангүл» симфониялық поэмасын, «Назугум», «Садыр палуан» опералары мен «Чин Томур» балетінің музыкасын жазды. Т.Молдағалиевтың жырына жазған «Гүлдене бер, Жетісу» ораториясы, Мұхит әнінің негізінде жазылған «Зәуреш» атты вокалды-симфониялық поэмасы қазақ өмірін бейнелеуге арналған көркемдік бояуы қанық туындылар. Бірқатар драмалық спектакльдер мен деректі фильмдерге музыка жазды.

30 мамыр

Музыка зерттеушісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнертану ғылымының докторы, профессор Борис Гиршевич Ерзаковичтің (1908-1997) туғанына 105 жыл. Еңбек жолын 1931 жылы Қазақ радиосының музыка редакторы қызметінен бастаған Ерзакович қазақ халық музыкасын жинап, зерттеумен айналысты. Ерзакович – қазақ музыка өнерінің тарихы туралы еңбектердің авторы. Ол 20-дан астам монографиялар мен кітапшалар, 200-дей мақалалар мен очерктер, Абайдың және халықтық кәсіби әнші-композиторлар, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ және басқалардың шығармаларын қамтитын 12 музыкалы-этнографиялық жинақтар жазды. 200-ге жуық халық әндерін түрлі оркестр, ансамбльдер мен жеке дауысқа лайықтап нотаға түсірді.

Маусым

3 маусым

Суретші, кинорежиссер, Қазақстан өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әмен Әбжанұлы Қайдардың (1923) туғанына 90 жыл. Ауылда ел қатарлы балалық шағын өткізіп, бозбала шағында Ұлы Отан соғысына аттанды. Соғыстан кейін Әмен Қайдаров бала кезінен қызыққан суретші мамандығын меңгеруге ұмтылды. Графика саласында біраз жыл еңбек етті. Әмен Қайдар қазақ киносының тың да жаңа саласы мультификацияның негізін қалады. Әмен Қайдаров мультипликаторлардың бүкіләлемдік ассоциациясының мүшесі.

20 маусым

Әнші, Қазақстан Республикасының халық артисі Рашид Хасенұлы Мұсабаевтың (1933-2008) туғанына 80 жыл. Репертуарында қазақтың халық әндері мен халық сазгерлерінің әндері, шетел классиктерінің шығармалары мол орын алған. Мұсабаев қазақтың эстрада музыкасының дамуына да елеулі үлес қосты. Жастар мен студенттердің Бүкіл дүниежүзілік 6-фестивалінің күміс медаліне ие болды, 3,4,5 халықаралық әншілер байқауларында (Бухарест, Варшава) жүлде алды.

Тамыз

27 тамыз

Орыс режиссері, драматург, театр қайраткері, КСРО халық артисі, профессор, Социалистік Еңбек Ері Наталия Ильинична Сацтың (1903-1993) туғанына 110 жыл. Ол орыс балалар театрының негізін салушылардың бірі болып, оның өркендеп дамуына мол үлес қосты. 1937-1942 жылдары қуғынға ұшырады. 1944-50 жылдары Қазақстанда өзі ұйымдастырған Балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері болып, осы театр сахнасында А.Н.Толстойдың «Алтын кілт», У.Шекспирдің «Он екінші түн» мен «Вероналық екі бозбала», сондай-ақ Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-сан» пьесаларын қойды. 1995 жылдан Қазақстандағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Сацтың есімімен аталады.

(Материал http://www.spring.kz/ сайтынан алынды)