Мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр

Қазақ дастарқаны 

Қазақ халқы үшін дәмнен, дастарқаннан үлкен нәрсе жоқ. Бір дастарқанда дәмдес болғандар жақындасты дегенді білдіретіндіктен өзара жамандыққа бара алмаған. Дастарқан қашаннан бай әрі тартымды. Оның ертеден келе жатқан бай тарихы, қонақ күтуде қалыптасқан тамаша дәстүрлері бар. Ежелгі дәстүр бойынша ас ішер алдында және ас ішіліп болғаннан кейін қонақтардың қолдарына су құйылады. Бұл істі үйдегі бозбала атқарады. Дастарқан – қазақ халқының дәм-тұз, ас деген киелі ұғымға балайтын барлық тағамдардың, атап айтқанда, қонаққа немесе күнделікті ас қабылдауда да тартылатын ас мәзірін қамтиды. Дастарқан кімнің құрметіне жасалса, төрде, яғни дастарқан басында басында сол адам отырады. Бата жасау, ас қайыру сияқты жораларды сол сыйлы адамнан күтеді.

Нан тағамдары 
Нан тағамдары – қымыз, шұбат т.б. сүт тағамдарымен қоса дастарқанға бауырсақ, шелпек, нан қойылады. Бауырсақ – халықтың тым ертеден келе жатқан кәделі ұлттық тағамы. Бидай ұнын ашытып барып ұзынша немесе домалақ үлгіде дайындап майға қайнатып пісіреді. Бұл басқа нан тағамдарына қарағанда дәмді әрі көп сақталады, ауа жеткілікті болса көгермейді. Қатып қалғанымен де сүтке, шайға салып жесе дәмі өзгермейді. Қазақ дастарқанының ажары. Әр адам оны сүйісіне жейді. Мал сою 
Қонақтар келгенде, үйде ет болса да, қазақтар мал сойдырған. Әдетте қой сояды, ескі дәстүр бойынша қа қойдың басы ұсынылады. Құлақ балалар мен жеткіншектерге, таңдай – қыз мен жас келіншектерге беріледі. Осыдан балалар сөзге құлақ салғыш, зейінді, ал қыздар сөзге шешен, әнші болады деп санаған. Төс күйеу балаға тиесілі, қайын жұртына алған рет келген болса, ол ілтипаттылық көрсетіп, сыйлық кәдесін жасауы керек. Тұрмыстағы қыздарға қабырға, құймышақ беріледі. Үй иесі мен құданың алдына құйрық пен бауыр қойылады.

Шелпек 
Шелпек – қамырды оқтаумен әбден жұқарғанша ысып майға пісіреді. Жұқа, жұмсақ әрі майлы болып піседі. Шелпекті көбінесе, айт күндерінде, әруақты еске алғанда, құдайы бергенде пісіреді. Әр жұмада ата-бабалар әруағына арнап пісіріп, дұға оқып отырған жөн. Шелпекті жұқалап әзірлеп, майға ғана пісіреді. Мұны «май шелпек» дейді.

 

Ақ тағамдар 
Ақ тағамдар – қазақ халқы ежелден сүт тағамдарын жоғары бағалаған. Кез келген қазақ отырысы сүт тағамдарынан – шұбат, айран, қымыз ішуден басталады. Ақты төгу, оны аяқпен басу күнә болып саналатын, өйткені қазақ халқы ақпен үйдің ырысы мен бағы келеді деп жориды.

Қымыз 
Қымыз – қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы үздіксіз пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамы. Ол тек тағам емес, сонымен қатар халықтың қасиетін, дәулетін, салтанатын, байлығын, мырзалығын, дастарқан берекесін білдіретін ырыс белгісі. Жыл маусымына қарай қымыз – уыз қымыз, жазғы қымыз, сары қымыз (күзгі), қысқы қымыз (қысыр) деп аталады. Ашу уақытына қарай – саумал, құнан (2-3 күн), дөнен (4 күн), бесті (5 күн.), асау қымыз (әбден ашыған) деп бөлінеді. Арнайы шараларға, ғұрыптарға байланысты ішілетін қымыз да сол атымен аталады. Сондай-ақ сірге жияр қымызы сияқты салттық мәнді қымыздар да бар. Саба түбіндегі сарқыттың ауылдас, ағайынның өз несібесіне бұйыруын ырымдаған да астары бар. Біреудің үйінде соңғы дәмін сарқып ішпеу салты осындай ұстанымдардан қалыптасқан. Қымыздың қалдығын төгу күнә саналады.

Шұбат 
Шұбат – сүт тағамдарының ішінде қымыздан кейінгі бағалы сусын. Ол түйе сүтінен жасалады. Шұбат ашытылып, тері, ағаш, қыш ыдыстарға құйылып сақталады, пісіледі. Қымызға қарағанда, жұмсақ, майлы, әрі қоюлау болады. Оның қуаты мен дарулық қасиеті бар. 2-3 күндік шұбат ең жақсы, сапалы шұбат деп есептеледі. Қазақтар түйе сүтіне сиыр, қой сүтін қосып қатық, сүзбе, құрт, ежігей дайындайды.

Құрт 
Құрт – сөзінің мағынасы да құрғатылған, кептірілген сүт деген мағынаны береді. Пісіліп майы алынған айранды қайнатып кенеп дорбада сүзіп алып тұздап өреде кептіріп сақтайтын тағам түрі. Жасалу тәсілдеріне қарай құрт сықпа құрт, ақ құрт, қара құрт, майлы құрт деген түрлерге бөлінеді.Қазақ ырымы бойынша кеппеген құртты жеуге, алуға болмайды. Егер өреден құрт алып жесе, жауын жауады деген ырым бар.

Ірімшік 
Іріте қайнатып, кептіру әдісі арқылы ақ ірімшік, қызыл ірімшік, айнымай сияқты ұлттық тағамдар әзірленеді. Бұл тағамдар көп сақтауға болатын, жол жүргенде азыққа пайдаланатын қолайлы тағам саналады.

Мал сою 
Қонақтар келгенде, үйде ет болса да, қазақтар мал сойдырған. Әдетте қой сояды, ескі дәстүр бойынша қа қойдың басы ұсынылады. Құлақ балалар мен жеткіншектерге, таңдай – қыз мен жас келіншектерге беріледі. Осыдан балалар сөзге құлақ салғыш, зейінді, ал қыздар сөзге шешен, әнші болады деп санаған. Төс күйеу балаға тиесілі, қайын жұртына алған рет келген болса, ол ілтипаттылық көрсетіп, сыйлық кәдесін жасауы керек. Тұрмыстағы қыздарға қабырға, құймышақ беріледі. Үй иесі мен құданың алдына құйрық пен бауыр қойылады.
Қазы айналдыру 
Қазыны жылқы сойғанда тұздап, бұрыш, пияз қосып ішекке айналдырып, содан соң кептіруге іліп қояды. Қазының майы сары-күреңдене келуі тиіс. Қазы майының қалындығына байланысты кере (сере), дөңбек, тобаяқ, шынтақ, бұл қазы деген түрлі атаулар бар. Бір жылқының етінен 12 қос қазы немесе 24 сыңар қазы айналдырса болады. 

Шұжық 
Шұжық – Қазақ халқының аса бағалы тамақтарының бірі. Оны барлық малдың етінен жасауға болады. Жылқының шикі етін, іш майын турап оған жуа, сарымсақ, тұз бұрыш қосып, оны жылқы ішегіне тығады, тығыздайды, ішіне ауа жібермейтіндей етіп, екі жағын мықты жіппен буады да сәл тобарсытып, көлеңкеге кептіріп алады. Оны ауылдық жерде жазда ұнға салып, сақтайды.

Табақ тарту 
Табақ тарту – дәстүр бойынша ет табаққа салынып, қонақтардың ретіне қарай тартылады. Табақты: бас табақ, орта табақ, және кіші табақ деген түрлері бар. Бұлардың әрқайсысына өздеріне тиесілі сыбағалар салынады. Бас табақ пен сый табақта міндетті түрде бас пен жамбас, қыс айларында қазы-қарта болуы тиіс. Сый табақ сыйлы қонақ келгенде тартылып, оған бас, шеке, жамбас, қазы-қарта, жал-жая, құйрық, асықты жілік, тоқпақ жілік, жалпақ омыртқа сияқты кеделі мүшелер салынады. Дәстүр бойынша, бас пен жамбас бірге жүреді. Бастың маңдайын айқыштап тіледі. Онысы – «тәу етеп тілейміз, Тәңірге бағышталған» – дегені. Сыйлы адамға бастың тұмсығын, пышақтың сабын қаратып қояды. Онысы – «Сізге арнап сойған малымыз, көрсеткен құрметіміз» – дегені.

Киіз үй 
Киіз үй – көптеген ғасырлар бойы Еуразияның ұшы-қиырсыз жазирасын басқарған ежелгі халықтың көшпенді тұрмысы мен өмір салтына мейлінше қолайлы болған баспана түрі. Соңғы қола дәуірінің өзінде-ақ (б.з.д. ІІ мыңжылдық тың соңы – І мыңжылдықтың басы) Еуразия даласында доңғалақ үстіндегі алғашқы жылжымалы тұрғын жайлар пайда бола бастады. Орта ғасырларда платформаларға орнатылған, ондаған жетек малы сүйреткен орасан зор жиналмайтын киіз үй-ордалар кезіп жүрген. Арба үстіндегі тұрғын жай (күйме) – киіз үйлердің осындай салтанатты түрлері Қазақстанда ХҮІІ ғасырға дейін қолданыста болды.

Бесікке салу 
Шілдехана өткеннен кейін баланың әке-шешесі бесік тойын жасайды. Ағаштан жасалған бесікті баланың нағашылары немесе жасы үлкен қадірлі аналардың бірі әкеліп, сыйға береді. Ең алдымен бесікке салушы әйел бесіктің өзін жын-шайтандарды қуу үшін, түрлі иістерден арылту үшін отпен аластап шығады. Содан кейін көрпешелер мен жастықшаларды баптап салады. Баланы жатқызып, бөлейді. Қолбау, белбеу және аяқбаумен тартып байлап қояды. Әйел тілектерін айта отырып бесіктің үстіне алдымен көрпе жабады. Бала халықшыл болсын деп тон, шапан жабады,ат жалын тартып мінсін деп қамшы іледі,көз тимесін деп тұмар тағады, қырандай көреген болсын деп бүркіттің тұяғын байлайды.
Қырқынан шығару 
Туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарады. Қырқынан шығаруға жиналған әйелдер баланы теңге, сақиналар салынған тегешке шомылдырады. Әйелдердің үлкені «Отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң жылдам қатсын» деп, баланың үстіне қырық қасық су құяды. Сақиналарды баланы шомылдыруға қатысқан әйелдер бөліседі. Келесі кезекте баланың шашын, тырнағын алады. Шашын шүберекке түйіп, киімінің иығына қадайды. Тырнағын адам баспайтын жерге көмеді. Бала қырқынан шыққанға дейін киген ит жейдесіне тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлап қоя береді. Балалар итті қуып жетіп, тәттілерді бөліседі.

Тұсау кесу 
Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін тез, жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Арнайы дайындалған ала жіппен баланың аяғын тұсап байлайды. Жіпті қадірлі, ісі алға басып тұрған, әрі жылдам, сүрінбей жүретін адам кеседі. Бұл – бала осы адамға тартсын деген тілектен туған рәсім.

Домбыра 
Домбыра — қазақ халқының арасына өте ерте және кең тараған, ғасырлар сырын сақтаған қос ішекті шертіп ойнайтын музыкалық аспаптың бірі. Өзіне тән ерекшелігі бар, ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады. Домбыра әр түрлі үлгіде тұтас ағаштан ойылып, немесе құрап жасалады. Мойнына он тоғыздан жиырма екі санына дейін пернелер байланады. Арнайы құлақ күйге келтіріледі.Домбыраның екі ішектісінен басқада үш ішекті, қос жақты, кең шанақты, қуыс мойын, шіңкілдек деп аталатын түрлері бар. Даусы майда, қоңыр, құлаққа жағымды.

Қыл қобыз 
Қыл қобыз — ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нар қобыз», «жез қобыз» деп аталатын түрлері де бар.Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек. Ерте заманда қобызды тек бақсы – балгерлер ғана ұстаған. Халық аңызында қобыздың пайда болуы Қорқыт ата есімімен тығыз байланысты екені де айтылады.

Сыбызғы 
Сыбызғы — үрмелі аспаптардың ішінде кең тарағаны. Бұл аспап бақташы-малшылардың өмірімен тығыз байланысты болғандықтан, ел ішіндегі қариялар оны «жылқы малының азаны» деп атаған. Сырты жылтыр сары қурайдан жасалатын сыбызғының сырты малдың ішегімен кейде мал өңешінің ақ шелімен қапталады. Бұл оның жауын-шашынға төзімді болып сақталуына, қурайдың жарылып кетпеуіне және үнінің таза сақталуына байланысты қолданылатын әдіс-тәсіл. Сыбызғы аспабының үні самал желдей майда, тембрі жұмсақ, ерекше әсерлі.

Көкпар 
Атқа мінген топ жігіттердің қатысуымен өтетін жарыс. Белгіленген межеден 50-60 адымдай жерге көкпар тасталынады Көкпар тартуға бауыздалған лақ немесе серке беріледі. Жерде жатқан көкпарға бірінші жеткен шабандоз көкпарды іліп алып қашады, қалған көкпаршылар қуып жетіп, тартып алуға әрекеттенеді. Кім бұрын көкпарды көмбеге екелсе, сол жеңімпаз атанып, көкпарды өзіне қалдырады.

Хан талапай
Ойынға 5-10 балаға дейін қатыса береді. Асық көп болу керек. Көп асықтың ішінен үлкенірек біреуін қызыл түске бояңдар. Осы асық « Хан» болады. Алдымен санамақ арқылы ойын бастаушыны тағайындап алыңдар. Осы бала асықтың бәрін уысына жиып алып, отырған балалардың алдына шашып жібереді.Сендер «ханның» қалай түскенін байқап отырыңдар. Егер «хан» бүк, шік, тәйкі түссе, ойын бастаушы бала « ханның» түсуіне қарай жақын асықтарды бас бармақтардың көмегі арқылы сұқ саусағымен итере- ыршытып біріне – бірін дәлдей отырып тигізеді.Тигізген асықтарды өзіне алады. Осы арада «ханды» тек ең соңғы өзі сияқты жатқан асықпен атып алуға болатынын ұмытпағандарың жөн.Ойын бастаушы басқа асықтарға қолымен не асықпен тиіп кетсе, ойынды келесі бала жүргізеді. Ал, егер «хан»алшысынан тұрса, «ханды» әрқайсысың өз қолдарыңа түсіруге әрекеттеніңдер. «Хан» кімнің қолына түссе, сол бала жеңіске жетеді. Ойынды да сол жеңген бала бастайды.